Таяуда мектебімізде өткізілген жалпы ата-аналар жиналысында «Кәмелетке толмағандардың құқық бұзушылықтарының, қадағалаусыз және панасыз қалуының, суицидтік мінез-құлықтың, нашақорлықтың алдын алу, балалардың құқықтарын қорғаудағы, олардың тыныс-тіршілігінің қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі отбасы мен мектеп ынтымақтастығын нығайту» туралы келелі әңгіме қозғалды. Мектеп директоры Жакенбай Шәріпхан Қажытайұлының баяндамасында мектеп пен отбасы ынтымақтастығы туралы атқарылып жатқан істер, алда тұрған міндеттер айғақталды. Жиналысқа Астана қаласы, Сарыарқа ауданы ішкі істер басқармасының жергілікті полиция қызметі ювеналды полиция бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Маликқызы Ләззат және полиция лейтенанты Умиров Бейбит Базарбайулы қатысты. Сарыарқа ауданы бойынша кәмелетке толмағандардың құқық бұзушылығының себептері туралы ойларын айтты. Мектепішілік жиналысқа барлығы үш жүз сексен ата-ана қатысты. Жиналыста «Ұрлық түбі қорлық!» тақырыбына сот процесі көрінісі қойылды.