«Сағынады ақынды сыздап жүрек...» атты ән-жыр кеші.
ХХ ғасырдың таңғажайып ақыны, қалың қазағының аяулы ұлына айналған Мұқағали Мақатаев көзі тірі болғанда, сексен төрт жасқа толар еді. Астана қаласы №38 мектеп-лицейінде ақиық ақынға арналған « Сағынады ақынды сыздап жүрек…» атты әдеби-сазды кеш өтті.
Ақ қырау тұрған ақпанда,
Ағаштар сырға таққанда.
Бозарып тұрып ақтаңда,
Есіңе мені алғайсың! - деп жырлаған Алаштың ақиық ақыны, Мұқағали Мақатаевтың туылған күніне арнап, мектеп оқушылары ақынның шығармашылығындағы асыл жырлары мен сөзіне жазылған әндерін нақышына келтіріп орындап, жүректен жүрекке жеткізе білді.
Мұқағали өлеңдерін сүйіп оқымайтын қазақ жоқ. Соншама әсерлі жырлары барша қазақ жұртының жүрегін жаулап алған. Ақын бір күндік сәуледей ағып өткен қысқа ғұмырында ұрпақтарға ұлан-ғайыр мұра қалдырған. Осынау өлең құдіретін түсінген, поэзия әлемінің патшасы Мұқағали атамыздың қара өлеңдерін 10-11 сынып оқушылары мен мектеп ұстаздары шебер оқып шықты. Кеш барысы әнші Садуақас Аяулымның орындауындағы «Сарыжайлау» әнімен және «Ерке» би тобы қыздарының тамылжыта билеп көркін аша білуімен жалғасты.
Ақын атамыздың қалам тартпаған тақырыбы қалмапты. Ана мұңын, әже зарын, жетім-жесір қайғысын, ердің ерлігін, пәк махаббатты, адалдықты, достықты жырға қосты. Халқым, елім деп еңіреп өтті. Ақын шығармашылығындағы жетімдер тағдырын суреттеген "Жетімдер үні" өлеңінен оқушыларымыз көрініс қойып, жетімдердің ауыр халін бейнелеп көзге жас ұялатты.
Сонымен қатар мектеп ұстаздары да ақынның сөзіне жазылған әндерін әсем орындап берді. Кеш соңы ақиық ақынға арналған арнау жырымен жабылды.
Қарасаз, қара шалғын өлеңде өстім,
Жыр жазсам оған жұртым елеңдестің.
Өлсе өлер Мұқағали Мақатаев,
Өлтіре алмас алайда өлеңді ешкім!
– Иә өлең өлмейді. Ендеше, оны жазған ақын да өлмейді. Осындай тәрбиелік мәні бар, әдеби-сазды кештеріміз алдағы уақытта тағы да өз жалғастығын табады.
|
|
|
|
|
Посмотреть новость на сайте учреждения
Официальное сообщество школы-гимназии №3 города Астаны
Профессиональное сообщество учителей школы-гимназии №30 "Флагман"