Меню KDT

Новости

Главная Новости

«Қош келдің, Наурыз, көктемім!»

7 ә сыныбының «Қош келдің,  Наурыз, көктемім!» атты тәрбие сағатынан
Мақсаты: Оқушыларға Наурыз-жыл басы, яғни дін мейрамы емес, ұлт мейрамы екендігін тарихи маңызын түсіндіру. Ата-бабамыздан ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келе жатқан ұлттық тәрбие туралы түсінік беру.; Өлең, мақал-мәтелдер арқылы тілдік қорларын дамыту. Өз ұлтына деген сүйіспеншілігін арттыру; Ата-ана, оқушы, ұстаз, жұртшылық өкілдерін ынтымақтастандыру. Қазақ халқының салт-дәстүрін, тілін, дінін, әдет-ғұрпын сақтауға, қастерлеуге тәрбиелеу. Көрнекілігі: безендірілген зал, қазақы үй, ұлттық бұйымдар Өту барысы: ( Сахнада тігілген үй, безендірілген, жаюлы дастархан тұрады) Көркем сөз: «Сәлем көктем» Оқитын: Бақыт Есбол Сәлем, көктем! Сәлем, көктем, Мен қайтадан туылдым, Көк аспанның күмісімен жуындым. Көк мұз жапқан шатқалында көкейдің, Ақ арманның бүрлейтінін ұғындым. Сәлем, көктем, Таңғы самал ескенде, Бұлт гүл болып өскенде, Дәл мен сынды, көңілмен де, еспен де, Көк шөппенен жыр жазбаған еш пенде. Сәлем, көктем, Өрнек қандай су салған, Жасыл қырат – жасыл сағым бусанған. Жас шағымда жиі ағатын жұлдыздың, Жұпар исін жұта берем жусаннан. Сәлем, көктем, Өліп кетпеу үшін мен, Күннің нұрын жүрегіме түсіргем. Аспан асты – керемет той, аста-төк, Ағыл-тегіл жұлдыз нұры ішілген… Бірге: Сәлем, көктем, Өркеш-өркеш томарың… Сәлем, көктем, қаз-үйректім, қоғалым!.. Қаулап шықты жауқазындар сүт аңқып, Қауызында сақталса еді обалым!.. Сәлем, көктем! Кіл еңбекқор, кіл асқақ Құмырсқалар жағдайымды сұрасқан. Көңілімнің оркестрін ойнатты, Тырналардан нота түзген мына аспан!.. Ән: «Шақырады көктем» Орындайтын: (Кемпір мен шал келеді.) Шал: Оразбек Кемпір: Бала: Болат Келін: Жақсыгүл Кемпір: Ух! Шал екеуіміз талай үйге кіріп шықтық , ағайын – жамағат, көрші – қолаңға жақсы ниетіміз бен тілегімізді білдірдік. Бір көрісіп қуанысып қалдық. Уақыт біршама болып қалыпты, келін шырағым, адыраспан әкелші, үйді аластап жіберейін. (үйді аластайды) Алас-алас, әр пәледен алас! Қараңғы – жарыққа, ызғар – жылыға, Қара – аққа ауыссын! Жамандық кет! Бәле – жала кет! Алас! Алас! Сор – баққа, кесір – киеге. Жоқ – барға ауыссын! Жамандық кет! Бәле – жала кет! Алас! Алас! Балалар төрге қос шырақ жағыңдар.Үйдегі ыдыс атаулының бәрін аққа, ырысқа, кәусәр бұлақтың суына толтырып қойыңдар. (үйде абыр – сабыр әрекет жасалады, төрге қос шырақ жағылады) Кемпір: Жыл бойы ақ мол болсын! (Ыдысқа ақ құяды). Келін: Дән тасқын-тасқын түсімге бай болсын! (ыдыстарға бидай, тары салады). Болат: Ата, әже, осы бүгін қандай күн өзі. Таң атқалы әмір жоқ. Үйді жылан жалағандай тазалап, түрлі-түрлі тамақ әзірлеп, үстімізге бір киер киімімізді киіп алдық. Бұрын «жат, жат» деуші едіңдер, бүгін міне түн ортасы болды әлі ұйықтаған жоқпыз. Әжесі: Балам, бүгін ерекше күн. Наурыздың 21-ші жұлдызы. Осы түні даланы Қызыр аралайды. Бүгінгі түн «Қызыр түні». Болат: Ата, Қызыр деген кім? Атасы: Қызыр – адамдарға дәулет дарытып, бақ қондыратын, аяулы бабамыз жақсылықтың жаршысы. Жаңа түскен күн рәмізі – Қызыр баба даланы кезіп жүріп, назары жерге түссе, оның тоң кеудесін жібітеді, ал тасқа түссе, тасты ертіп жібереді екен. Күн сәулесі жер шарының Шығыс бөлігінен таңғы сағат 6-да себездеп атқан кезде біздің өңірімізде бұл сәт түнгі сағат 3-ке тұспа-тұс келеді. Сондықтан қазақ халқы Жаңа жылды 22 наурыз күні таңғы сағат 3-те қарсы алады, дәл осы сәтте даланы Қызыр баба аралап, Самарқанның көк тасын ерітсе керек. Сондықтан осы күнді асыға күткен үлкендер: Самалық, самалық, Көк құс көзін ашты ма? Аяғын жерге басты ма? Самалық, самалық, Самарқанның көк тасы, Жібіді ме, көрдің бе? Самалық, самалық, Қап тауының көк құсы, Жүгірді ме, көрдің бе? – деп қойнында көжегі, қолында нәуірезегі бар балаларына сұрау қойған. І Жүргізуші: Жаса Наурыз, жаса көктем, Жаса достық, күн, тіршілік. Болсын ұмыт, мұңдар өткен, Мейірімділік күлсін шығып. Наурызда жаңа жыл басталады, Естіледі көктемнің асқақ әні. Ақ көңілмен, ақ сүтпен қарсы алайық, Мына келген тәй-тәйлап жас баланы. Наурызда жаңа жыл басталады. Жаңа жыл жақсылыққа бастар әні. Жер ана да бусанып қозғалуда, Ақ көрпесін сыпырып тастағалы. ІІ Жүргізуші: Көктемді жыл басы, табиғат жаңашылы деп білеміз. Өйткені, көктемде ұйықтап жатқан аң оянады, жер көктейді. Сай-сала суға толады, алғашқы гүлдер шығады, құстар мекеніне қайтады. Наурыз мейрамы – Шығыс халықтарының көпшілігінде мұсылман діні қабылданғанға дейін пайда болған, көктем мен еңбектің ежелгі мерекесі. Наурыз – бұл тек көктемнің ғана емес, бұл ең әуелі ізгілік пен жақсылықтың мейрамы. Ұлыстың осы бір ұлы күні жер бетіндегі қанды соғыстар, дау-жанжалдар тоқтатылып, адамдар бір-біріне деген өкпе-реніштерін ұмытып, кешірімге келіп, татуласып, табыса білген. Халқымыз мол дастарқанын жайып, ақ жарқын көңілмен жүздесіп, дәм татысып, өткен-кеткеннен сыр тартып, барша адам баласына жақсылық, аманшылық тілеп, жастарға ақ баталарын берген. І Жүргізуші: Ақ бұлақтарды ақтартып, шың-құздарды шаттатып, тізбектеп тырналарды, сүйгізіп сырғаларды, шоршытып балықтарды, шапшытып арықтарды, тербелтіп наз қайыңдарды, төгілтіп жаз жайында әнді, қаздарды қаңқылдатып, найзағай жарқылдатып, айтып ертегіңді, жайып желкеніңді, жеттің бе, әз-Наурыз!!! ІІ Жүргізуші: Армысыздар, үлкен-кіші ағайын! Бүгін – Самарқанның көк тасы еріген күн. Бүгін – Жаңғыру мейрамы! Бүгін – Жыл басы, Жаңа жыл! Ендеше, сіздерді Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтай отырып, №90 топ оқушыларының ұйымдастыруымен өткелі отырған «Қош келдің, құтты Наурызым!» атты тәрбие сағатымызды бастауға рұқсат етіңіздер! (сахнаға кемпір, келін, ата мен бала шығады. Ата мен бала тал егеді, кемпір мен келіні өсімдіктерге ақ бүркеді) І Жүргізуші: Наурыз тойы қарсаңында «Бұлақ көрсең көзін аш» деп қаумалдасқан жігіттер бастаулардың көзін ашады. Қариялар «Атаңнан мал қалғанша тал қалсын» деп бұлаққа май құйып, өсімдіктерге ақ бүркеді. Әйел адамдар жаңа атып келе жатқан таңға - тәубә, тәубә, тәубә - сәлембердік, Күн Ана деп 3 рет иіліп сәлем етеді. Осылайша табиғаттың өсіп – өнуіне жағдай жасалады. Бір – бірімен амандасып, құшақтасып: - Ұлыс оң болсын, Ақ мол болсын дейді! Би: «Шашу» биі Орындайтын: (осы кезде әжелер шашу шашады, келіндер 7 күлше таратады). ІІ Жүргізуші: Бұл күн –күн мен түннің теңелетін,жан –жануар төлдейтін,адамдардың аузы аққа тиетін, жер жүзінде шаттық орнаған күн. І Жүргізуші: Наурыз – бақыттың бастамасы, жақсылықтың жыршысы, өмірге нұр сыйлаған, сезімге гүл сыйлаған, халық қастерлейтін күн. Бірге: Ұлыстың ұлы күні, құтты болсын ағайын! ІІ Жүргізуші: Қай халықтың болмасын салт-дәстүрі болады. Әрбір адам халықты сыйласа, оның тілін де, салт –дәстүрін де құрметтеуі керек. Соның бірі – бала тәрбиесіне байланысты салттар. Өйткені, бала – өмірдің жалғасы, болашағы. ( ортада әжелер, келіндер отырады. Күй ойнайды, бала келіп) - Апа, сүйінші! - Не болды құлыным? - Сіздің немереңіз дүниеге келді! - Жақсы хабар екен! Рахмет айналайын! Өркенің өссін! Міне, сүйіншің. Бесікке салу . Бесік – қасиетті, киелі құтты мүлік. Сәбидің алтын ұясы болып есептеледі. «Ел іші – алтын бесік» деген сөйлем бесіктің құдіретін көрсетеді. Жаңа туған сәбиді бесікке салу да – халқымыз үшін елеулі дәстүрдің бірі. Бесік ағаштан, талдан иіп жасалады. Себебі – тал басқа ағаштай емес, иілмелі, морт сынбайды, құрт түспейді, жат иісі болмайды.Бесіктегі сәбидің бойы, қол – аяғы түзу, ширақ болады. Пәле жаладан сақтасын деп ырымдап,оған тұмар тағып қояды. Бесіктің мынадай құрал –жабдықтары болады: жастық, мамық, жөргек, түбек, шүмек, тартпабау. Баланы бесікке салмас бұрын, бесікті сіріңке жағып аластайды. «Алас –алас , пәле –жалдан қағас». «Тыштырма», сәбиді бесікке салар кезде түбегі тұратың тесіктен құрт, ірімшік, тәттілер салып «тышты» деп ырымдап оны «тыштырма» деп атап кеткен Тыштарманы әйелдер бөлісіп алып бала-шағасына үлестіреді. Сәбиді бесікке бөлейді. Содан кейін «Бесік жыры» айтылады: Әлди –әлди, ақ бөпем, Ақ бесікте жат бөпем. Жылама бөпем, жылама Шекер шағып берейін. Байқұтанның құйрығын Жіпке тағып берейін. Ән: «Дедімай – ау» Орындайтын: Әжелер І-жүргізуші: Біз қазақ халқы әулет дәстүрін қастерлеп, дәстүрлік мұралады насихаттан жүрген халықпыз. Дәстүрдің озығы бар, жазығы бар, Өткеннен бізге жеткен асылы бар. Сәбидің кейбір кезін қызықтайтын, Қазақта «Тұсау кесер» рәсімі бар. ІІ-жүргізуші: Тұсау кесу дегеніміз 1 жасқа толып, еркін жүре бастаған балбөбектің басқан қадамы құтты болып, одан әрі жаны жамандық көрмей, жүріп кетуіне тілек білдіретін салт. Күлгенің де той сенің, Жүргенің де той сенің. Қызықтасын халайық, Тұсау кескен бұл күнің Есте қалсын, жарқыным. /Үлкендеу балалар ортаға аяғын тәй-тәй басқан 1-1,5 жастағы баланы әкеліп, беліне кішкентай қалта байлайды, оның ішіне тәттілер салып тұрып/: Беліңе қалта байладым, Дәулетіңді асырсын, Ішіне тәтті сайладым, Қиындықты қашырсын! /осыдан кейін жиналған жұртқа көрсетіп, баланың аяғына мыналарды байлайды/: Ішекпен байлағаным – малды болсын, тоқ болсын деген ниетім, Көк шөппен байлағаным – жершіл болсын, көпшіл болсын, өсіп-өнсін дегенім, Ала жіппен байлағаным – адал болсын, ақ болсын дегенім. /тұсауын кеседі, тұсау кескен баланы бір-екі аттам жерге дейін сүйемелдеп барып, еркін жібереді/ Тәй, тәй, тәй, тәй! Қаз, қаз, балам, қаз балам, Қадам бассаң мәз болам! Күрмеуіңді шешейін, Тұсауыңды кесейін! Жүгіре қойшы, құлыным, Желбіресін тұлымың, Елгезек бол, ерінбе, Ілгері бас, шегінбе! беліндегі қалтаны шешіп, тәттілерді елге шашумен таратады Тойға шашу шашылсын! Халқымның нұры тасысын! Ата бата береді: Құлыным үлкен жігіт болсын! Ата-анасына қызық болсын Жақсылармен қатар болсын, Жамандармен қатал болсын, Ата-дәстүр байлығын жалғастырар, Берік бұтақ болсын. Наурыздарың құтты болсын! Әумин! Ән: Ата дәстүрі Орындайтын: І Жүргізуші: Наурызда дүйім жұрт алаңға жиналып, ат жарыстырып, ақындарын айтыстырып, балуандарын күрестіріп, той тойлатып, ойын ойнатып, алтыбақан тебісіп, наурыз көже ішіп, таңды көзбен атырған. Сол түні ғашықтар бір-біріне көңілін білдірген. Қасым: Наурыз күні бойжеткендер өздері ұнататын жігіттеріне арнап соғымның соңғы етін уызға салып пісіріп, «Ұйқыашар» деп аталатын ерекше тағам дайындайды. Қыз бала ер балаға кесемен тағам ұсынып: «Ұйқыашар» әзірледім, Іше ғой, асыл бегім! Ер бала кеседегіден дәм татып, тамсанып, «селт еткізер» сыйлайды: Болат: «Селт еткізер» ұйқыашардан кейін бойжеткенге сыйланады. Оның ішіндегі айна – пәктік пен жастықтың, тарақ – әдемілік пен сұлулықтың, иіссу – бүршігін жаңа жарған жауқазындай құлпырудың, жайнай түсудің белгісі болып саналады. Сыйласам қалқашыма «селт еткізер», Аңсаған арманыма сол жеткізер! І Жүргізуші: Жар-жар — қазақ халқының тұрмыс-салт жырларының ежелден келе жатқан жанрлық түрінің бірі. Ол қыздың ұзатылатын тойы аяқталып, аттанар алдында орындалады. Күйеу бастаған жігіттер жағы атқа мініп келіп, отау үйдің сыртынан жабықты ашып өлең бастайды. Сәукелесін киіп отаудағы шымылдық ішінде отырған қалыңдықты қоршаған жақын жеңгелері мен бойжеткен құрбылары қыздың атынан жауап өлең айтады. Осылай айтыс түрінде орындалатын жауаптасу өлеңінде қыздар жағы оң жақта еркелеген қыз ғұмырдың өтіп бара жатқанына, өмірдің өткіншілігіне өкініш білдіреді. Жат жұртқа барғанда ата-анасы мен туған-туысқандарының, құрбы-құрдастарының орыны толмайтындығын өлеңге қосып, әлі де болса ойнап-күліп жүре тұруға мұрша бермей аттандырып жатқан ата-анасына наразылығын білдіреді. Өз кезегінде жігіттер жағы ерге шығып, бала сүйіп, түтін түтетудің атадан қалған жол екендігін айтып, ол жаққа барғанда қайын жұртының туған-туыстарын жоқтатпайтындығын айтады. Жігіттер: (Наурызбай, Болат, Қасым) Бір толарсақ, бір тобық Санда болар, жар, жар! Қырық кісінің ақылы Ханда болар, жар-жар! «Әкем-ай!» – деп, жылама, Байғұс қыздар, жар-жар! Әкең үшін қайын атаң Ол да болар, жар-жар! Қыздар: (Меңлік, Айзада,Аружан,Назгуль) Жазғытұрғы ақша қар Жаумақ қайда, жар-жар?! Кұлын-тайдай айқасқан Оң жақ қайда, жар-жар?! Азар жақсы болса да, Қайын атамыз, жар-жар?! Айналайын әкемдей Болмақ қайда, жар-жар?! Жігіттер: Бір толарсақ, бір тобық Санда болар, жар, жар! Қырық кісінің ақылы Ханда болар, жар-жар! «Шешем-ай!» – деп, жылама, Байғұс қыздар, жар-жар! Шешең үшін қайын енең Ол да болар, жар-жар! Қыздар: Жазғытұрғы ақша қар Жаумақ қайда, жар-жар?! Құлын-тайдай айқасқан Оң жақ қайда, жар-жар?! Азар жақсы болса да, Қайын енеміз, жар-жар, Айналайын шешемдей Болмақ қайда, жар-жар?! Жігіттер: Бір толарсақ, бір тобық Санда болар, жар, жар! Қырық кісінің ақылы Ханда болар, жар-жар! «Жеңгем-ай!» – деп, жылама, Байғұс қыздар, жар-жар, Жеңгең үшін абысын Ол да болар, жар-жар! Қыздар: Жазғытұрғы ақша қар Жаумақ қайда, жар-жар?! Құлын-тайдай айқасқан Оң жақ қайда, жар-жар?! Азар жақсы болса да Абысыным, жар-жар?! Айналайын жеңгемдей Болмақ қайда, жар-жар?! ІІ Жүргізуші: Наурыз мейрам жүректерге нұр сепкен, Маңдайымнан сүйіп жатыр күн көктем. Жарығыңмен, шуағыңмен Күн-Ана, Алып келдің жер бетіне гүл көктем. І Жүргізуші: Жыр сыйлаған, нұр сыйлаған тірлікте, Қастерледік, қадіріңді білдік те. Құтты болсын, Ұлыс күн жұмылдырған, Бәрімізді ынтымақ пен бірлікке. Би: «Қара жорға» Әже : Оу, айналайын, балалар! Тоя ішсін деп тамсанып Жеті түрлі дәм салып Наурыз көже пісірдім. Оттан қазан түсірдім. Бал көжеден татыңдар. Бар қызыққа батыңдар. Асқа кәрі – жасыңды Шақырып , ием басымды. (Наурыз көже таратылады.) Көркем сөз: «Наурыз көже» Оқитын: Жасан Дархан «Наурыз көже». Наурыз тойын әдемі, Әжем еске түсірді. Біздерге арнап әдейі, Наурыз көже пісірді. Ашылды да кебеже Дәм әзірлеу басталды. Әжем Наурыз көжеге, Жеті түрлі ас салды. Бидай, тары, күріш бар, Бар сүт ет пен шұжығы Ашы құрты тағы бар, Көже елдің ырғызы. Салтымен ата-бабамның Жаңғырды қайта заманым! Жаңа жыл басы-Бұл Наурыз! Қайырлы болсын, қадамын! ІІ жүргізуші: Шайылғандай мұң , кірбің Наурыз тойда, Жабықпайсын жанында көз ән барда. Көру әже ойлайды екен ел салтын, Наурыз көже қайнайды қазандарда. І жүргізуші: Шапағатын аямай бұл шақта аспан, Жадырайды әр адам мұң шақпастан. Ау, ағайын ,келіңдер, бүгін бізде Наурыз көже құрт қатып,бұршақ қосқан Хор: «Қазақы дастарханым» оқушылар.ІІ Жүргізуші: Азаматтың ақ таңы атқаннан бері қаймана қазақтың қай баласы болсын, Наурыз мейрамының қадір-қасиетін жете түсінуде. Жалпы тепе-теңдік, ізгілік пен жаңару үйлесім тапқанда ғана құт қонып, береке орнайды. Сондықтан да Наурыз табиғат пен қоғамның, адам мен адамның, ел мен елдің ара-қатынасындағы тепе-теңдік заңын сақтайтын бастау бұлақтар мен таланттардың қайнар көздерінің ашылуына мүмкіндік туғызатын сән-салтанатты мәнді де сәнді және мағыналы мереке. І Жүргізуші: Тамашаға толтырып тұнық төрді, Жетті, Наурыз, үкілеп үміттерді, Барша үйге бақыт боп, береке боп, Жанарынан нұр шашып күліп келді. Ендеше, Ұлыстың ұлы күнінде келген Қызыр бабамыздың ақ батасын алайық. Қызыр баба: Ғабидулла Сұрасаң бата берейін, Ақ тілекті төгейін. Еліме берсін берекет, Қашсын сырқат-бәлекет! Кірсін дәулет есіктен, Кетсін бейнет тесіктен, Ескі жылым есірке, Жаңа жылым жарылқа! Дастарханың мол болсын! Абыройың зор болсын! Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын! Қайда барсаң жол болсын! Әумин! ІІ Жүргізуші: Көне заманнан бері Наурыз сұлулық пен жасампаздықтың, бейбітшілік пен келісімнің символы болып табылады. І Жүргізуші: Көпұлтты Қазақстан халқының өз мүмкіндіктеріне деген сенімдері арта түсіп, бай рухани мұралары жарқын болашақ жолындағы жарқын істеріне қуат берсін. ІІ Жүргізуші: Қазақстандықтар үшін Наурыз – айрықша мейрам. Бұл күн қыстың сәті аяқталып, барша еліміз жаңаша кейіпке енетін көгілдір көктемнің келгенін білдіреді. Бірге: Жаңару мен жасару күні Сіздерге бақ-береке, ырыс-ынтымақ әкелсін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, көркейе берейік! Ұлыстыңұлы күні құтты болсын!


Жаңалықты мекеменің сайтында қарау

Жаңалықтар тізіміне көшу

Пікірлер


Чтобы оставлять комментарии авторизуйтесь

Обсуждение не найдено


Заполняем школьные сайты

15

Помогаем, советуем, предлогаем как лучше всего заполнить сайт

Единый Образовательный портал

1

Единый Образовательный портал

Образование

0

Образование

Официальное сообщество школы-гимназии №3 города Астаны

0

Официальное сообщество школы-гимназии №3 города Астаны

Профессиональное сообщество учителей школы-гимназии №30 "Флагман"

1

Профессиональное сообщество учителей школы-гимназии №30 "Флагман"