Меню KDT
! Сегодня
KZ / RU

Новости портала образования

ОҚЫТУДЫ ҚАШЫҚТЫҚТАН ҰЙЫМДАСТЫРУДА ЕҢБЕГІ ОРАСАН ӘРІПТЕСІМ...

ОҚЫТУДЫ ҚАШЫҚТЫҚТАН ҰЙЫМДАСТЫРУДА ЕҢБЕГІ ОРАСАН ӘРІПТЕСІМ...

         Қытайдан басталып, «алпауыт елмін» деген Америка мен Еуропа елдеріне, Таяу Шығыс пен Азияға, біраз күннен берекесі тасыған, көңілі ақ қазақ еліне таралып отырған қазіргідей аты жаман ауруға байланысты үйді-үйімізге тарағанымыз баршаға аян. «Ел басына күн туса, ер етікпен су кешер» демекші, осындай қиын кезеңде етігімен су кешіп жүрген дәрігерлеріміз бен медбикелеріміз, «Тәртіпке бағынған құл болмайдыны» барынша үйретіп жатқан құқық қорғау органдарының ел болашағы үшін жасап жатқан еңбегі берекелі болғай дейміз. Осы орайда, елімізде миллиондаған оқушының да үйде еріксіз қамалып отырғаны, біразы бала болған соң балалығын жасап, біршамасы өзіне ұнайтын іспен шұғылданып, бірқатары кітаптан бас көтермей, жан азығын жинап жатқанын да байқаймыз. Төртінші тоқсанның басталуына аз ғана уақыт қалғанына қарамастан, оқушыларымыз «Мұғалім, сабақ бүгін бастала ма, ертең бастала ма?» деп, елеңдеп отырғаны да рас.

       Таңдауым түскендіктен емес, білім беру саласында мектептің ішкі өмірімен біте қайнасып жүргендіктен болар, қазіргі таңдағы әріптестерімнің жай-күйі туралы бүгін біраз ойға баттым. Балалардың қауіпсіздігі аясында енгізіліп отырған «Қашықтықтан оқыту» үрдісі оқушыға да, ата-анаға да, қала берді мұғалімге де оңай тимегені анық. Мұны әріптестерімнің күнді түнге, түнді күнге ұластырып жасап жатқан еңбектерінен-ақ көріп отырмын. Дегенмен, мұғалім деген қашан да сабырлы, көп нәрсені ақылға жеңдіретін жүрегі кең жандар ғой, біраз қиындықты еңсеруде. Төрт мыңнан астам оқушысы, екі жүзге жуық мұғалімі бар мектебімізде «Қашықтықтан оқыту» үрдісін енгізуде жүздеген, мыңдаған адаммен қатар жұмыс жасап отырған директордың ақпараттық-технологиялар жөніндегі орынбасары Сарсекеева Айша Жакуповнаның қазіргі таңдағы атқарып отырған жұмысын ой елегінен өткізе отырып, селк ете түскендей күйде болдым. Түрлі іске қосылып жатқан Google.classroom.com, Microsoft Teams, Zoom платформалары, олардың қызметтерін, қолдану мүмкіндіктерін педагогикалық ұжымға үйрету, түсіндіру, бірнеше қайтара тәжірибеден өткізу, кемшін тұстарын қайта жасау, күндіз-түні екі жүз мұғалімнен келіп түсетін сұраққа сабырмен жауап беру, Kundelik.kz-тегі кері байланыстың түп-төркінін түсіндіру, оқушыны бағалауды жүзеге асыру жолдарын ойластыру, ұялы телефонға жауап беруден бөлек Whats App желісіндегі жүздеген сұрақтарға жауап беріп, өтініштерін орындау сияқты үздіксіз ұйымдастыру қызметін атқарып отырған осы бір әріптесімнің мектеп үшін жаралған «нағыз педагог» екендігін мойындадым. Тумысынан бойында мейірім мен сүйіспеншілік тұнып тұрған әріптесімнің  сабырлы салмақтылығы мен қажырлы еңбегінің арқасында бүгінде осыдан біраз күн бұрын «мынаны қалай жасаймын?», «қалай қолданамын?» деген секілді сан сұрақ қоятын ұжым да бір қалыпқа түсіп келеді. Отбасында бір үйдің отанасы, немерелердің әжесі, аяулы жар, мектепте директордың орынбасарлығы қызметін қатар алып жүрген әріптесіме ел игілігі тұрғысында атқарып жатқан орасан еңбегі үшін, шынайы азаматтығы үшін алғыс айтқым келеді. «Айша Жакуповна, Сіз ешкіммен, ештеңемен санаспайтын өз ісіне адал, баланы, жалпы адамдарды жақсы көретін, мектебімнің абыройы – менің абыройым деп қабылдайтын, түріңізден қалжырау көрінсе де, тіліңіз жақсы сөз ғана айта алатын «Ең жақсы мұғалім» деген атқа лайық жансыз! Біз сізді қадірлейміз! Өркеніңіз өссін, ұрпағыңыздың қызығын көріңіз!» деген тілегімді де жеткізсем деймін.

        Ал, ертеңнен басталғалы тұрған алғашқы қадамда барлық әріптестерімнің істеріне сәттілік тілей отырып, ата-аналарымыз бен оқушыларымыздан әр мұғалімнің еңбегіне құрметпен қарап, қолдау үндерін қосса деген тілегіміз бар.
    


Посмотреть новость на сайте учреждения

Вернуться к списку новостей

Комментарии


Чтобы оставлять комментарии авторизуйтесь

Полезное