Меню KDT
! Сегодня
KZ / RU

Жаңалықтар

Сыңғырла, соңғы қоңырау!

         Дарынды балаларға арналған №9 «Зерде» мектебінде 25 мамыр күні 11 сынып түлектерінің мектеп бітіру мерекелік кеші болып өтті.  Кеше ғана тұлымдары желбіреп, жүректері лүпілдеп, мектеп қабырғасын имене аттаған ұл-қыздарымыз ойы толып, бойы өсіп, алтын ұя мектебімен қоштасты. Соңғы қоңырау мерекесінде алғашқы құттықтау сөз ДБА №9 «Зерде» мектебінің директоры міндетін атқарушы, «Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісінің иегері Байулова Гулназия Сабырқызына берілді:  «Әр мектепте соңғы қоңырау мерекесі – бұл мектеп тарихына енетін көңілді әрі қуанышты оқиға. Сіздер бүгін мектеппен қоштасып, үлкен өмірге жолдама алғалы тұрсыздар.. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жас ұрпақ тәрбиесіне, білім беру ісіне ерекше назар аударып, Сіздердің сапалы білім алып, үлкен азамат болуларыңыз үшін барынша жағдай жасап отыр. Еліміздің болашағы – Сіздердің қолдарыңызда. Сондықтан да қай кезде де терең білім алу жолында жалықпай, талмай ізденіп, ел тізгінін ұстайтын азамат болуларыңызға ізгі тілегімді арнаймын» - деп, жаңа өмірге, жарқын болашаққа қадам басқалы тұрған «Зерде» мектебі түлектеріне ақ тілегін жаудырып, ұстаздық лебізін білдірді.

         Соңғы қоңырау кешіне Ы. Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясы, департамент директоры, ата-ана Қ.А. Рақымжанов мырза қатысып, түлектерге ақ жол тіледі.

        2016-2017 оқу жылында «Зерде» мектебін 39 түлек аяқтағалы отыр. 2 оқушы мерзімінен бұрын куәлік алып, шетелге оқуға түссе, қалған 37 түлек Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысады. Биылғы оқу жылында 6 «Алтын белгі» және «Үздік куәлікке» 15 түлек үміткер болып отыр.

        Бітіруші түлектерді 5-сыныптан қабылдап алып, 6 жыл ыстық-суықты бірге көріп, орнымен еркелетіп, тәрбиелеріне де ерекше көңіл бөлген қос сынып жетекшілер Бірмағанбетова Әсемкүл Абдысалыққызы мен Турсекеева Камилаш Киякбаевнаны  Гулназия Сабырқызы Алғыс хатпен марапаттады. Сонымен қатар, осы түлектерге сапалы білім, саналы тәрбие берген «Зерде» мектебінің мұғалімдері де Алғыс хатпен марапатталды.

       Кеш соңында оқушылар мектеп вальсіне билеп, ұстаздарына рахмет айтып, гүлдерін ұсынды.

 


Жаңалықты мекеменің сайтында қарау

Жаңалықтар тізіміне көшу

Пікірлер


Чтобы оставлять комментарии авторизуйтесь

Полезное